Халқымыз ежелден қызды «қонақ» деп қадірлеп, әспеттеген. Қызды ай мен күнге теңеп, жаһутпен көмкере білген. Мысалы, Мұрат қыздың сұлулығын:
«Бұраңдаған ақ моншақтай керілген қыз,
Оздырдың салтанатты еліңнен қыз
Сәулесі ақ жүзіңнің жерге түссе,
Реңкің сары алтындай көрінген қыз», - деп жырлайды. Бұл теңеулер- ізбасар ақындарға үлгі болар өрнектер еді.
Мұрат Мөңкеұлы сияқты әнші-ақындар Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Мұхит т.б. шығармаларында көбіне пәк таза махаббатты, сұлу әйел сипатын, әйел теңсіздігін жырлады. Мұрат ақын қазақ қызының сұлулығын оның ішкі жан дүниесімен астасып жатқандығын «лебізің, сөзің – шырын, маржан-тісің» десе, Ақан сері «Ғашық жарға» өлеңінде: «аузың – бал, тілің шекер, нәзік таңдай,қиғаш қас, нұрлы жүзің, жазық маңдай» - деп суреттейді. Сырлы сөзбен қамал тұрғызған әнші-акындардың мұралары ұлт мәдениетінің қазына қосылған інжу-маржандарымыз.
«Қыз» өлеңінде теңіне қосыла алмаған қыздың басындағы қиыншылықты: «...Басыңнан бұл дүние өтеді деп, қайғымен тамақ ішпей бүлінген қыз» деп көрсете келе, «... шалықта ата-анаңның дәулетіне, бір күні жөнелерсің үйіңнен қыз» деп, әке-шешеңнің қасында бұлаңдап жүрген қыз еркіңнен тыс біреуге жар болып кетерсің, күнің не болар екен деген уайымын да жасырмайды. Ал Ақан сері «Балқадиша» өлеңінде: «...бұраңдап асау тайдай жүрген басың, боласың қандай жанға жар, Қадиша» - деп мұңайса, «Ләйлім шырақ» өлеңінде: «Есен-аман жүрмісің, Ләйлім шырақ, жаңа таптым аулыңды көптен сұрап, жел тимесе жан тимес, деп жүргенде, қол ұстасып жатпенен кеттің жырақ» деп басында билігі жоқ әйел теңсіздігіне наразылықтарын ашық білдіреді. Ал, Естай ақын «Құсни Қорлан» өлеңінде:
«... бар еді қимас күндер тату өскен, келер ме енді айналып, уа дариға-ай», - деп өзегін өртеген өкінішін жасырмайды.
Қорытындылай келе, Мұрат Мөңкеұлы мен ХІХ ғасырдағы әнші-ақындар шығармашылығында қыз бейнесі өзіндік ортақ көркемдікке ие. Ақындар өз шығармаларында әйел затының көрік-келбетін, жан дүниесінің сұлулығын әсерлі жырлаумен қатар, теңіне қосыла алмаған қазақ қыздарының тағдырын да шынайы суреттеген.